2017-2018 оқу жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу туралы

14.04.2018 жылы Білім және ғылым вице-министрі Т.Ешенкуловтың төралығымен өткен кеңесте берілген тапсырмасына сәйкес білім саласындағы бақылау Департаменті бақылау шаралары барысында ҰБТӨП дайындығына мониторинг, педагогтар және ата-аналармен кездесу барысында ҰБТ-ді ұйымдастыру және өткізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

ҰБТ-ді өткізу ережелері, ЖОО орындарында оқу гранттары туралы ақпарат Департамент сайтына, облыс мектептерінің ата-аналар сайтында тіркелген. Департамент басшысы С.Досматованың ҰБТ-ді өткізуге байланысты мақаласы облыстық БАҚ беттеріне жарияланды, «Жетісу» газеті 24.05.2018 ж. №55 («Ұлттық бірыңғай тестілеу – маңызды сынақ»), «Огни Алатау» газеті 17.05.2018 ж. («ЕНТ – экзамен на знания и гражданственность»).

2017 жылы ҰБТ-ді өткізу форматы өзгертілді. Егер өткен жылдары ҚР «Білім туралы» Заңында «Ұлттық бiрыңғай тестiлеу – орта бiлiмнен кейiнгi немесе
жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына түсу емтихандарымен
бiрiктiрiлетiн, жалпы орта бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларды
қорытынды аттестаттау нысандарының бiрi»,  деп көрсетілсе, 2017 жылдан бастап ҰБТ-дің жаңа форматына  мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу болып бөліп,  маңызды өзгерістер енгізілді. Биылғы жылы мектеп бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау форматында өзгеріс жоқ болғандықтан, ҚР «Білім туралы» Заңының 1 бабы, 56 бөліміне былтырғы жылы енген  өзгерістерге сәйкес «ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны», екенін ескертеміз.

Сонымен қатар, ҚР «Білім туралы» Заңының 5 бабына сәйкес, білім саласындағы уәкілетті органның құзыретіне ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу және оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту жатады, Заңның 6 бабына сәйкес білім алушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуын ұйымдастыру облыс және ауданның жергілікті атқарушы органдарының құзіретіне жатады.

Бүгінгі күні (29 мамыр 9 маусым аралығында) өтетін білім алушыларды қорытынды аттестаттау тәртібі туралы қысқаша еске түсіріп кетейік. 2017-2018 жылдары мектеп бітіруші 4 міндетті пәннен және 1 таңдау бойынша пәннен қорытынды аттестаттау тапсыру міндетті.

  1. Ана тілі (қазақ немесе орыс) және әдебиеті. 250-300 сөзден тұратын эссе жазу-3 сағат, Оқушыларға таңдауға бірнеше тақырыптар беріледі.
  2. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша – 5 сағат).
  3. Қазақстан тарихы, екі сұрақ және бір шығармашылық тапсырмадан тұратын билет бойынша ауызша емтихан.
  4. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен. 40 тест тапсырмасы берілген 3 блоктан тұрады: тыңдалым, лексика-грамматика, оқылым. 80 минут уақыт беріледі.
  5. Бейіні бойынша таңдау пәндері: шет тілі, (ағылшын, неміс, француз), биология, физика, дүние жүзі тарихы немесе әдебиет, география, химия, информатика немесе геометрия. 40 тест тапсырмасынан тұрады, 80 минут уақыт беріледі.

Аталған емтихандардар мектеп бітіруші оқыған мектебі базасында өтеді. Қорытынды аттестаттау қорытындысы бойынша жалпы орта білім туралы аттестат,  оның ішінде жалпы орта білім туралы үздік және  «Алтын белгі» аттестаты және«Алтын белгі» белгісі беріледі.

2018 жылы Қазақстаннның ЖОО-на түсушілер үшін 20 маусым-1 шілде аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтеді.

ҰБТ тапсыру механизмі өзгерген жоқ, 2017 жылдан ҰБТ форматы өзгертілді. Қазір ҰБТ екі блоктан тұрады – міндетті және бейіндік (таңдаған мамандығы және ЖОО бейініне байланысты): үш міндетті пән: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, барлық пәндерден 20 тапсырмадан. Таңдаған мамандыққа байланысты екі бейіндік пән, әрқайсысы 30 тапсырмадан тұрады. Жалпы 120 тапсырма беріледі. Максималды балл 140. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут.

2018 жылы ҰБТ тапсыру форматына енген жаңартулар:

– Бітіруші қолына ҰБТ тапсырғандығы туралы сертификатпен бірге мамандықтар тізбесі, ағымдағы жылы бөлінген білім беру гранттарының саны және өткен жылғы білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелері туралы ақпараттық парақ алады. Бұл мектеп бітірушіге ҰБТ-дан жинаған балына қарай дұрыс мамандық таңдауға көмектеседі.

– 2018 жылы бітірушілердің ҰБТ-ді өз еркімен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тапсыруға мүмкіндіктері бар.

– ҰБТ тапсыру кезінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жеке көмекшіні, ымдау тілі маманын ұсынады.

– ҰБТ-де шекті деңгейден өте алмаған түлектерге, себепті жағдайлармен қорытындылары жойылған түлектерге тесті ақылы түрде қайта тапсыру мүмкіндігі сақталады. Бұл мыңдаған түлектерге жоғарғы білімге қол жеткізуге мүмкіндік туғызады. Тесті қайта тапсыру 15-19 тамыз аралығында өтеді. 25 шілде 3 тамыз аралығында өтініштер қабылданады.

– ҰБТ қорытындысы бойынша түлектер гранттарға ие болады. Әр студент жоғары оқу орнын өзі таңдайды.

– Биылғы мемлекеттік білім гранттарының саны 50894, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14611 грантқа көбейген. Көбінесе бұл педагогикалық, техникалық мамандықтарға қатысты. Білім гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа қатысу үшін өтініш 18-26 шілде аралығында қабылданады.

–  Мемлекеттік жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балл саны – 50, «Ұлттық» статустағы жоғару оқу орындарына-65 балл, «Білім», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына 60 балдан, «Жалпы медицина» мамандығына 65 балдан кем болмауы керек.

– Түлектер «Алтын белгі» иегері, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері, спорттық жарыс жеңмпаздары болғаны үшін Жоғары оқу орнына тегін грантқа ие бола алмайды, тек ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана ескеріледі. Білім гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа жалпы негізде қатысады.

Тестілеу кезінде бірнеше мәрте тест тапсырмаларының сәйкессіздігі айғақтары немесе тестілеу нәтижелерін есептеудегі техникалық ақаулар анықталады. Түлек үшін әр балл маңызды болғандықтан бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету және тест тапсырмаларын бағалауда даулы мәселелерді шешу, тестілеу кезінде ҰБТ қатысушыларының құқықтарын қорғау мақсатында апелляциялық комиссиялар құрылады.

Аппеляцияға өтінішті апелляция комиссиясы төрағасының атына тестілеуге қатысушының өзі береді. Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша өтініш  тестілеу нәтижелерін жариялағаннан кейін келесі күні күндізгі 13.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссия 1 күн ішінде қарайды. Өтініш берушіде өзімен бірге жеке басты куәландыратын құжат және ҰБТ рұқсаттама болу керек.

Кешенді тестілеу (КТ). Кешенді тестілеуді өткен жылдардағы мектеп бітірген түлектер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірген түлектер, сонымен қатар, халықаралық алмасу бойынша шет елде оқыған оқушылар тапсырады. Биыл КТ 14-18 шілде аралығында өтеді, өтініштер1-20 маусым аралығында қабылданады.

ҰБТ барысындағы бақылау шаралары туралы. ҰБТ-2018 қарсаңында ЖОО-на түсу үшін тапсыратын емтихандар туралы ақпаратпен қатар, түлектерге тестілеу барысында тәртіп сақтау ережесі туралы ақпарат бергенді жөн көрдік.

Қазақстанда Жоғары білім беру саласындағы бұзушылықтар, әсіресе жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар бүгінгі күні үлкен мәселе болып отыр. Осының алғашқы қадамы жоғары оқу орнына түсу барысында ҰБТ тапсыру аясында болады. Сол себепті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларында түлектерге тестілеу барысында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету шаралары нұсқалған.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің жүргізілуін бақылауды жүзеге асыру үшін, тестілеу өтетін пунктерге (ҰБТӨП) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министлігінің өкілдері жіберіледі. Олар аудитория, дәліз бойынша кезекшілер міндетін атқарады. Тестілеуге кіргізу барысында металл іздегіш құралдар пайдаланылады. Түсушілер аудиторияға бір-бірден кіргізіледі, бұл ретте жеке басын растайтын құжат негізінде түсушінің жеке басы, жасы 16-ға толмаған түсушілердің жеке басы анықтама негізінде сәйкестендіріледі. Тест өтетін ғимарат, аудитория бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етіледі, сонымен қатар тестілеу барысында ұялы байланысқа тосқауыл қоятын құралдар жұмыс жасайды. Аталған шаралар тыйым салынған заттарды пайдалануға және бөгде тұлғаның қатысу мүмкіндігіне жол бермейді. Тестілеуге кіргізу барысында немесе тестілеу барысында бөгде тұлға анықталған жағдайда, Министрлік өкілі бөгде тұлғаның анықталуы туралы акт жасайды, аталған түсуші тестілеуге жіберілмейді.

ҰБТ-ны өткізу барысында түсушіге аудиториядан дәліз кезекшісінің міндетін атқаратын Министрлік өкілінің, рұқсатынсыз және алып жүруінсіз шығуға, сөйлесуге, орын ауыстыруға, емтихан материалдарымен алмасуға, емтихан материалдарын аудиториядан шығаруға, шпаргалкалар, оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер, калькулятор, фотоаппарат, ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad (Айпад), iPod (Айпод), iPhone (Айфон), SmartPhone (Смартфон)), ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), радио-электрондық байланыстың (Wi-Fi (Вай-фай), Bluetooth (Блютуз), Dect (Дект), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), сымды және сымсыз құлаққаптар және басқалары) кез-келген түрлерін аудиторияға кіргізуге және қолдануға, емтихан материалдарын (жауап парағы мен кітапшалар) умаждау, корректор сұйықтығын қолдану, беттерді жырту, бояуға қарастырылмаған секторларды бояу (жауап парағының нөмірі) арқылы бүлдіруге рұқсат етілмейді.

Жауап парағын былғауға, умаждауға, жыртуға және корректор сұйықтықтарын пайдалануға, жауап парағын тестілеу аяқталғанға дейін аудиториядан шығаруға жол берілмейді.

ҰБТ-ге берілген уақыт аяқталғанда түсуші емтихан материалдарын өңдеу үшін тапсырудан бас тартқан жағдайда, Министрлік өкілі Тестілеуге берілген уақыт аяқталған кезде түсушінің емтихан материалдарды уақытында тапсырмау фактісінің анықталуы туралы акт жасайды.

Leave a Reply