ҰБТ өткізуге дайындық

 Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Ұлттық бірыңғай тест өткізуге дайындық бойынша мониторинг жүргізді. Алматы облысы аумағында орналасқан 16 ҰБТ өткізу пункті (ҰБТӨП) 21 маусым 2 шілде аралығында оқуын ЖОО-да жалғастыруға ниет білдірген түлектерді қабылдайды.

Тестілеу қорытындысының объективтілігін қамтамасыз ету және барлық тапсырушыларға тең жағдай жасау үшін ҰБТӨП-і қол және рамалық металліздегіштер,  ұялы байланыс толқындарын тежегіш құрылғылары, бейнебақылау камералары, ауа салқындатқыш құралдарымен жеткілікті мөлшерде жабдықталған. Тестің жүру барысында әр аудиториядан онлайн-трансляция жүргізіледі. Тестілеуге қатысушыларға алғаш рет қарапайым калькулятор беріледі. Тест тапсырушыдан өткізу пунктіне кіру барысында немесе тест тапсыру барысында тыйым салынған заттар, яғни смартфон, шпаргалка табылса, ол ҰБТ тапсыруға жіберілмейді және талапкер биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады.

Биыл тестілеу барысында тапсырушылардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалады. Аудиториядағы орын саны қысқартылды, әр тестілеуші арасындағы қашықтық 2 метрден кем болмайды. Осыған байланысты лек саны көбейді.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ҰБТӨП-де санитарлық нормаларды қатаң сақтау үшін қажетті құралдармен (баррикадалық ленталар, залалсыздандыру тоннельі, тепловизор, бактерицидалық лампа, аяқ киімді залалсыздандыруға арналған кілемше т.б.) қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Тест тапсырушылар бетпердемен қажетті мөлшерде қамтамасыз етіледі, санитайзералер орнатылады. Тестілеу аяқталғанға дейін ғимарат жанында жедел жәрдем машинасы кезекшілік етуі қажет. ҚР БҒМ өкілдері, мемлекеттік және апелляциялық комиссия мүшелері де сақтық құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Leave a Reply