Қазақстанда қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды

Қазақстанда қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды. Қатысу үшін 104 мыңға жуық өтініш берілді. Ұлттық бірыңғай тестілеу 2022 жылдың 22 ақпанына дейін жалғасады.

Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Пәндер саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті пән және екеуі таңдау еркі бойынша. Тест тапсырмаларының саны-120. Оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейінді пән бойынша 35 тапсырма.

 

Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ең жоғарғы ұпай саны – 140.

Тестілеуге кіргізу кезінде қол және рамалық металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ережелердің бұзылуын болдырмау және ғимаратқа тыйым салынған заттарды (телефондар, шпаргалкалар және т.б.) алып өтуге жол бермеу үшін қажет. Қатысушылардан тыйым салынған заттар табылған жағдайда тестілеу автоматты түрде тоқтатылады.

Тестілеуді өткізу кезінде аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылаудың ауданына байланысты рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде ұтқыр және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады.

ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша ақылы негізде оқуға болады. Түлектер жазғы тестілеу негізінде грантқа үміткер бола алады.

Сондай-ақ барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады.

Leave a Reply