Тексеру парақтарына өзгеріс енгізілді

Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексеру барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №719 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №843 бірлескен бұйрығымен бекітілген тексеру парақтарын басшылыққа алады. Тексеру парағы бақылау субъектілерінің қызметіне қойылатын талаптарды қамтитын, олардың орындалмауы жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төндіретін талаптардың тізбесі.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Педагог мәртебесі туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты білім беру жүйесіне қатысты тексеру парағына ҚР Білім және ғылым министрінің 31.03.2020 жылғы №121 және ҚР Ұлттық экономика министрінің 01.04.2020 жылғы №20 бірлескен бұйрығымен өзгерістер енгізілді.

Педагогтің педагогтік әдеп нормалары мен лауазымдық міндеттерін орындауы нақтыланды:

Педагог өз қызметінде:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді ата-аналарына, этномәдени құндылықтарға құрмет көрсетуге, қоршаған әлемге ұқыпты қарауға, жоғары адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды;
2) Қазақстан Республикасы педагогінің жоғары атағының беделін түсіруге мүмкіндік туғызатын іс-әрекеттерді жасауға жол бермейді;
3) өзінің қызметтік міндетін адал және сапалы орындайды;
4) өзінің кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіреді, өз бетінше білім алу және өзін-өзі жетілдірумен белсенді түрде айналысады;
5) еңбек тәртібін бұлжытпай сақтайды;
6) білім беру ұйымының мүлкіне ұқыпты қарайды және оны жеке мақсатта пайдаланбайды;
7) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдайды, өзінің шыншыл, адал және әділ мінез-құлқымен үлгі болады;
8) қызметтік ақпараттарды пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермейді;
9) өзі үлгі бола отырып, ұжымда тұрақты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік жасайды;
10) өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезеңінде іскерлік киім үлгісінде болады.
Білім беру процесіне қатысушылармен қарым-қатынас жасауда педагог:
1) жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайларына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның құқығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді;
2) білім беру процесіне қатысушыларға қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермейді, өз әріптестері тарапынан осындай іс-әрекеттерді болдырмау үшін күш салады;
3) өз іс-әрекетімен қоғам тарапынан дәлелді сындарға жол бермейді, оған сабырлылықпен қарайды, өзінің кәсіби қызметіндегі кемшіліктерді жою және оны жақсарту үшін сындарлы сынды пайдаланады;
4) білім беру процесінің қатысушыларына кәсіби қолдау көрсетеді.
Әріптестермен қарым-қатынас жасауда педагог:
1) жалпы қабылданған адамгершілік-әдептілік нормаларын, сыпайылық пен биязылықты сақтайды;
2) басқа педагогтің кәсіби біліктілігіне көпшілік алдында күмән келтірмейді.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында педагогтің кәсіби қызметіне:
1) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес педагогтің кәсіби қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған;
2) іс-әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған, соның нәтижесінде қызметкердің еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігі жоқ;
3) психиатриялық және (немесе) наркологиялық жазбалардан тұратын медициналық қарсы көрсетілімдері бар;
4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттары жоқ;
5) адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, адамдардың денсаулығына және имандылыққа, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстар, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауда жүрген немесе қудалауда болған адамдарды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.

Leave a Reply