Оқу жылының қашықтықтан оқыту форматында аяқталуы

Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты төртінші тоқсаннан бастап оқушыларды қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Ата-аналар және оқушылармен алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Қашықтықтан оқыту қарсаңында, ағымдағы жылдың 30 наурызында, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (ҚР БҒМ) тарапынан «Күнделік» жүйесін жасаушыларымен мектеп әкімшілігі, білім басқармалары, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері үшін онлайн оқыту семинары өткізілді.

Қашықтықтан оқыту барысынан бастап белгілі бір формат тұрақталды: сабақтар «Ел Арна» және «Балапан» телеарнасы арқылы өткізіледі; өткен оқу материалын бекіту үшін мектеп өз қарауынша Daryn-online, Bilimland т.б. интернет ресурстарын қолданады. Оқушымен кері байланыс негізінен WhatsApp арқылы қалыптасқан, пән мұғалімдері үй тапсырмасын жіберу және туындаған сұрақтарға түсініктеме беру үшін, әр сыныпта топ құрылған. Мұғалімдер оқушылардың білімдерін бағалауды «Күнделік» электронды журналы арқылы жалғастыруда.

ҚР БҒМ-нің 2020 жылғы 17 сәуірдегі №149 бұйрығымен «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидаларына» өзгеріс енгізілді. Карантин жағдайларында, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда тоқсанға бір БЖБ, тоқсанның соңында ТЖБ өткізіледі және БЖБ мен ТЖБ қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып ұйымдастырылады. 9,11 сыныптарда қорытынды аттестаттау ағымдағы оқу жылының жылдық бағасы негізінде жүргізіледі.

Соңғы қоңырау шарасын өткізу бойынша ҚР Білім және ғылым министрі: «Жеке ондай мереке немесе шара жоғын білесіздер ғой. Соңғы қоңырау дегеген не? Бұл-оқу жылының соңғы күні, 25 мамыр, мектеп қоңырауы соңғы рет қағылатын күн. Ол дәстүрге айналған. Биыл оқушылар қашықтан оқитындықтан мектепке бармайды. Мектепке бармаса соңғы қоңырауды қалай өткізуге болады?», деп жауап берді. Сонымен қатар, министр мұндай мүмкіндіктің маусым айының ортасында болуын жоққа шығармады.

Leave a Reply