Наградалар мен ынталандырулар туралы

Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өз сайтының қонақтарын және әлеуметтік желідегі оқырмандарын педагогтарды аттестаттау ережесімен таныстыруды жалғастыруда. Педагог Ұлттық біліктілік тестілеудің оң қорытындысынан кейін біліктілік санатын беруге (растау) өтініш ұсынады. Біліктілік санатын беруге жұмысының нәтижесі мен кәсіби жетістігі негіз болады. Сонымен қатар өтініш беруші марапаттарын, атақтарын, ғылыми (академиялық) дәрежесін көрсетеді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңында мемлекеттік марапаттар тізбесі: ордендер, медальдар, құрметті атақтар және олармен наградтау шарттары берілген. Мысалы “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағы педагогтерге аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін беріледі.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 15 желтоқсандағы №1539 Қаулысымен ведомстволық наградалар бекітілген. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен білім беру мен тәрбиелеу процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру және тәрбиелеу бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары, оқушыларды, тәрбиеленушілерді практикалық даярлаудағы, олардың шығармашылық белсенділігін дамытудағы табыстары, облыстық (аудандық), олардың республикалық халықаралық білім бағдарламалары мен жобаларындағы жетістіктері үшін білім беру органдары мен ұйымдарында 10 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар қызметкерлер марапатталады.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің құзырлығына «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» және «Үздік педагог» атағын беру қағидаларын анықтау жатады. Маслихаттар құзыретіне әкімнің ұсынымымен «Облыстың (қала, аудан) құрметті азаматы» атағын беру кіреді. Сонымен қатар, органдар мен ведомстволар жетістіктері үшін грамоталар және алғыс хаттармен ынталандыра алады.

Leave a Reply