Білім саласындағы мемлекеттік бақылау

         2021 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бақылау шараларымен 24 білім беру ұйымы қамтылды, оның ішінде 22 бару арқылы профилактикалық бақылау және 2 тіркелген өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бару арқылы профилактикалық бақылау облыстың 22 мектебіне жүргізілді. Бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу барысында барлық мектептерде білім саласындағы заңнаманы бұзудың барлығы 132 фактісі анықталды, оның ішінде 67 өрескел бұзушылық, елеулі – 17, болмашы – 48. Профилактикалық бақылаудың қорытындысы бойынша 22 мектепке тексеріс барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізілді.

         Анықталған бұзушылықтардың басымы білім беру қызметін ұйымдастыру қағидалары талаптарының орындалмауы: 12 мектепте әкімшілік мәліметтер нысандары бойынша білім беру мониторингі шеңберінде сенімді және толық ақпараттың болмауы, 20 мектепте атқарылатын лауазымының сабақ беретін пәнінің бейініне сәйкес келмейтін педагогтер анықталды, ал 11 мектептің  сынып журналдарында білім алушыларына ағымдық бағалар немесе балл арқылы ағымдық бағалау, тоқсандық және жылдық бағалар қойылмаған.

         «Педагог мәртебесі» Заңының талаптары бұзылған: 14 мектепте білім беру ұйымдарының педагогтерін бес жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыру курстарынан өткізуге жағдайлар жасалмаған.

          Мемлекеттік міндетті жалпыға білім беру стандартының талаптары бұзылған: 7 мектептің оқу жұмыс жоспарында, сабақ кестелерінде білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің көлемі факультативтік, үйірме, топ және жеке сабақтардың максималды көлемімен сәйкес келмейтіні және 4 мектепте денсаулықтарына байланысты үйден оқитын балаларға арналған жоспарлары үлгілік оқу жоспарларына сәйкес келмейді.

          Сонымен қатар, құжаттарды жүргізу бойынша 10 мектеп, материалдық-техникалық базалары төмен 9 мектеп және негізгі жұмыс орны лицензиат болып табылатын жоғары және бірінші санаттағы мұғалімдердің үлесі біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін 2 мектеп анықталды.

       Профилактикалық бақылаудың қорытындысы бойынша білім бөлімінің басшыларымен, мектеп директорларымен кеңес өткізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді және білім саласындағы заңнамаларға енгізіліп жатқан өзгерістер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

        Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жеке тұлғалардан 17 өтініш тіркелді. Барлық тіркелген өтініштерге Қазақстан Республикасы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарына сәйкес тиісті шаралар жүргізілді. Оның ішінде аудандық білім бөлімі және мектепке  жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, өтініште көрсетілген дәйектер дәлелденді. Қорытындысында облыстық білім басқармасына аудандық білім бөліміне тиісті шаралар қолдану үшін хат жолданды және мектепке жүргізілген тексерістің қорытындысы бойынша әкімшілік іс қозғалып, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 409 бап 4-1 тармағына сәйкес мектеп директорына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Leave a Reply