Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру

Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 59 бабымен анықталған:

  1. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау мемлекеттің білім алуға құқықты қамтамасыз етуіне және жалпы білім беретін оқу және білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлға құрмай дара кәсіпкерлердің өздері жүзеге асыратын білім беру қызметінің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін сақтауға бағытталған және оны білім саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

Мемлекеттік бақылаудың негізгі түрлері білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау және Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сақталуын бақылау болып табылады.

Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру мақсатында өткізіледі. Мемлекеттік аттестаттау рәсімі өз қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алу үшін білім беру ұйымының бастамашыл өтінішінің негізінде бақылаудың өзге нысанында жүзеге асырылады.

2018 жылы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен 2019 жылға ауыстырылды.

Алматы облысының Білім саласындағы бақылау департаменті (бұдан әрі Департамент) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сақталуын бақылау өз құзыреті шегінде жүргізеді.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 137 бабына сәйкес бақылау түрлеріне тексеру және бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүргiзу жатады.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144 бабына сәйкес тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер;

2) ішінара;

3) жоспардан тыс.

Ішінара тексеру жүргізу тәртібі.

Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы есептілікті, бақылаудың өзге нысандарының нәтижелерін талдау нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесін бағалау негізінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тағайындайтын тексеру – ішінара тексеру болып табылады.

Тексерілетін субъектілердің қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптар тексеру парағына енгізілген (ҚРКК 143б.2т)

Білім беру жүйесіне тексеру жүргізу бойынша тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №719 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 843 бірлескен бұйрығымен бекітілген.

Білім беру жүйесін мемлекеттік бақылау саласындағы тексеру парағы негізінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, білім беру ұйымдарының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына, білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі Қағидаларына, білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесіне сәйкестігіне тексеру жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 147 бабының 1тармақшасына сәйкес барлық білім беру ұйымдарына Департамент тарапынан тексеру жүргiзудiң мерзiмдерi мен нысанасын көрсете отырып, ішінара тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы осы тексеру басталғанға дейiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын жазбаша түрде хабарландыру жіберіледі.

2018 жылдың І жартыжылдығында Алматы облысының білім саласындағы бақылау департаменті тарапынан 53 білім беру ұйымына ішінара тексеру жүргізіледі, оның ішінде 7 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, 45 мектеп және 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы. Берілген білім беру ұйымдарының тізімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 14.12.2017 жылғы №621бұйрығымен бекітілген.

Білім беру саласындағы және рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнама талаптарын бұзғаны, уәкілетті органның лауазымды адамдары тарапынан заңның талаптарын сақтамағаны үшін қолданыстағы заңнамада білім беру қызметін жүргізуге лицензияның қолданылуын белгілі бір мерзімге тоқтата тұрып әкімшілік айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ішінара тексеру барысында білім беру саласындағы  заңнама талаптарын бұзушылық анықталса, жауапты лауазымды адамдар  Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауапқа тартылады. Білім беру ұйымының атына бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі және жоспардан тыс тексеру мерзімі тағайындалады.

Білім беру ұйымдары лицензияның қолданылуы тоқтатылған мерзімі өткенге дейін уәкілетті органға Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының бұзушылықтарын жою туралы тиісті ақпаратты ұсынуға құқығы бар.

Leave a Reply