Алматы облысының білім саласындағы бақылау департаментінің 2018 жылдың қыркүйек-қазан аралығында өткізілген шаралар қорытындысы бойынша ақпарат

Алматы облысының білім саласындағы бақылау департаменті тарапынан үнемі жүргізілетін ақпараттық –түсіндіру жұмыстары барысында білім бөлімдері басшыларымен, мектеп, колледж директорларымен, балабақша меңгерушілерімен жиналыстар ұйымдастырылады, соңғы екі жылда білім беру саласындағы өзекті мәселелер аясындағы сұрақтар бойынша 16 аудан және 3 қалалық ата-аналар комитеті мүшелерімен, Қамқоршылық кеңес мүшелері өкілдерімен ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өткізілген жиналыстарда білім беру саласындағы жаңашылдықтарға қатысты, ҰББДҚ  сапалы толтыру, мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарды сақтау сынды өзектілігі жоғары мәселелер көтеріліп, Қамқоршылық кеңестер рөлінің артуы, сонымен қатар Департаменттің 2017 жылы жүргізген бақылау шараларының қорытындысы және 2018 жылға жүргізілетін мемлекеттік бақылау шаралардың өткізілуі туралы ақпарат берілді.

Үнемі жүргізілген ақпараттық – түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде облыстағы барлық мектептерде Қамқоршылық кеңес қызметі ұйымдастырылды. 2017 жылдың мамыр айында Қамқоршылық кеңес 315 мектептерде (41,4%) ұйымдастырылса, 2017 жылдың қазанында 495 мектепке (65%) артты, 2018 жылдың мамыр айынан облыстың барлық мектептерінде Қамқоршылық кеңестер өз жұмысын бастады. Қамқоршылық кеңестер санының ұлғаюына қарамастан, осы жұмыстың сапасы сол кемшіліктер мен қателіктер жіберілетін бастапқы деңгейде қалып отыр.

Ағымдағы жылдың  10-19 қазан аралығында Департамент қызметкерлері тарапынан жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша облыстағы жекелеген мектептерде Қамқоршылық кеңес жұмысы формалды жүргізілетіні анықталды.  Заң талаптарында айқындалған, қоғамда маңызы жоғары жұмыстың бастамасында кем-кетіктерді  болдырмау  мақсатында Қамқоршылық кеңес құжаттары зерделенді  және барлық аудан (қала) білім бөлімі басшылары, білім беру ұйымы директорлары және Қамқоршылық кеңес өкілдерімен  жиналыстар өткізілді. Зерделеу барысында  кейбір аудандарда 2018 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 355 «Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге салғырттық танытып орындайтын басшылар жоқ емес немесе кейбір басшылар бейхабар екендері мәлім болды. Қамқоршылық кеңестердің саны мен құрамы бойынша сәйкессіздіктер бар. Атап айтсақ, Панфилов, Ұйғыр, Қарасай, Жамбыл, Райымбек, Кеген аудандарында, Қапшағай қаласында Қамқоршылық кеңестер құрамы жергілікті атқару органдарымен бекіткеннің орнына мектепішілік бұйрықпен бекітілген, Панфилов ауданында Қамқоршылық кеңес құрамы тиісті 9 санына жеткіліксіз. Кейбір аудандарда Қамқоршылық кеңес жұмысы қағидаларының 14-пункті, 8-тармағында «Білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесі орта білім беру ұйымдары басшысының лауазымына үміткерлермен әңгімелесу қорытындысы бойынша хаттамалық шешім шығарады және келіседі» деген қағида назарға алынбаған да. Мектеп директоры лауазымына бос орындарға үміткерлердің кандидатураларын қарау кейбір Қамқоршылық кеңес тарапынан жасанды өткізілсе, басым көпшілік мектептерде бұл жұмыс мүлдем қаралған жоқ. Мониторинг нәтижесі  Қамқоршылық кеңес жұмысын ұйымдастыру және жандандыру бойынша аудандық (қалалық) білім бөлімдері жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді. Білім саласындағы бақылау департаменті бастаған Қамқоршылық кеңестерді ұйымдастыру жұмыстары аудандық білім бөлімдері тарапынан жалғасуын таппады, ал Қамқоршылық кеңестер бағынысты аймақтағы мектепті басқару және қоғамдық бақылау алқалы органы ретінде жергілікті атқару органдарының тірегі болып, білім беру жағдайында көптеген өзекті мәселелерді шешуде өз оңтайлы ықпалын тигізудің орнына әрекетсіздік, әлсіздік көрсетіп отыр. Балаларды оқыту жағдайына  жаны ауратын, саналы, белсенді, жұмыс істеуге ынтасы жоғары құрамнан құрылған  Қамқоршылық кеңес қана  сапалы жұмыс жүргізуі мүмкін. Өкінішке орай, аудандық  білім бөлімдерімен тиісті жұмыстар жүргізілмеді. Білім беру саласындағы жергілікті атқару органдары  Қамқоршылық кеңес құрылуы туралы хабарландырулар орналастыру өз деңгейінде жүргізбеді, сонымен Қамқоршылық кеңес жұмысы қағидаларының  5 және 6 пунктінің бұзылуына алып келді. Қамқоршылық кеңестерді құру мәселелеріне жергілікті атқару органдары тарапынан жауапкершілікпен қарамау салдарынан Қағидалардың келесі пунктілері бұзылып,  ҚК құрамын мектеп директорлары бекіткен немесе құрамы мүлдем бекітілмеген.

Жүргізілген зерделеу қорытындысы аудандық (қалалық) білім бөлімдерінде, білім беру ұйымдарының әкімшілігі тарапынан Қамқоршылық кеңес жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған білім беру аясындағы заңнамаларды білместік, содан шығатын салғырттық орын алатынын көрсетеді.

Leave a Reply